Алматы №4 ҚКА ANaMed Forum – New Generation 2026 аясында травматология мен ортопедиядағы жаңа технологиялар талқыланды

Алматы №4 ҚКА-да «AI-Driven Personalization: Medicine & Education» тақырыбына арналған «ANaMed Forum – New Generation 2026» халықаралық форумы аясында «Травматология мен ортопедиядағы жаңа технологиялар» атты панельдік сессия өтті.

Панельдік сессияға Қазақстаннан және шетелден келген тәжірибелі дәрігер, ғалым, оқытушы, зерттеушілер мен жас мамандар қатысты. Басқосу барысында бүгінде пациенттерді емдеу тәсілдерін өзгертіп, клиникалық тәжірибеге кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан заманауи технология сөз болды.

Панельдік сессияға қатысушыларды С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, Алматы №4 ҚКА директоры Досмаилов Биржан Серикбекович құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Конференцияның «Травматология мен ортопедиядағы жаңа технологиялар» бағыты өте өзекті. Бүгінде 3D-басып шығару, жасушалық инженерия және роботтандырылған хирургия емделушілердің өмір сапасын өзгертіп, медицина мүмкіндігін кеңейтіп келеді. Ал осы инновацияларды одан әрі дамытып, тәжірибеге енгізу – сіздер секілді жас ғалымдардың еншісіндегі маңызды міндет. Биік мақсат қоюдан және тың шешімдер іздеуден қорықпаңыздар, – деді ол.

Сессия бағдарламасы қазіргі травматология мен ортопедияның дамуына ықпал етіп отырған негізгі бағыттарды қамтыды. Атап айтқанда, роботтандырылған эндопротездеу, жасанды интеллектіні қолдану, 3D-модельдеу технологиялары, телереабилитация және заманауи биомедициналық материалды әзірлеу мәселелері талқыланды.

Қатысушылар тізе буынын эндопротездеуде роботтық технологияны қолданудың функционалдық тәсілдерін, ірі буындарды робот көмегімен эндопротездеудің алғашқы нәтижесін, күрделі клиникалық жағдайда 3D-модельді пайдаланудың тиімдігін, сондай-ақ травматология мен ортопедияда жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін кеңінен сөз етті.

Сонымен қатар ортан жіліктің ұршық маңы сынығы бар пациенттерді емдеу, жамбас сүйегінің проксималды бөлігіндегі жарақат кезінде көрсетілетін шұғыл көмекті жетілдіру және отадан кейінгі оңалтудың заманауи тәсілдері де назардан тыс қалған жоқ.

Бүгінде травматология саласының дамуы тек хирургиялық әдістерді жетілдірумен шектелмейді. Қазір ем-домның дәлдігі, әр пациентке жеке тәсіл қолдану және оңалу мерзімін қысқарту алдыңғы қатарға шықты. Осы тұрғыдан алғанда, сессия барысында көтерілген тақырыптардың денсаулық сақтау жүйесі үшін тәжірибелік маңызы зор әрі медициналық көмектің сапасына тікелей әсері бар.

Алматы №4 ҚКА-да ұйымдастырылатын мұндай іс-шаралар клиникалық тәжірибе, ғылыми ізденіс пен заманауи технологияны тоғыстырып, кәсіби тәжірибе алмасуға және медициналық практикаға жаңа шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Алматы №4 ҚКА ANaMed Forum – New Generation 2026 аясында травматология мен ортопедиядағы жаңа технологиялар талқыланды