Дельтапланмен ұшу кезінде ауыр жарақат алған алматылық спортшыға тізе буынына күрделі ота жасалды

42 жасар Мирослав Малыхин – Алматыда әуе спорты түрлерінен нұсқаушы болып жұмыс істейді. Дельтапланмен ұшу кезінде ол оң жақ тізе буынын ауыр жарақаттап алған. Жарақат салдарынан бірнеше байлам мен мениск зақымданған. Буынның тұрақтылығын қалпына келтіріп, аяқтың қалыпты қимыл-қозғалысын қамтамасыз ету үшін науқасқа ота жасау қажет болды.

Жарақат алғаннан кейін Мирослав бірден дәрігерге қаралған жоқ. Уақыт өте келе ауырсыну күшейіп, тізе буынының тұрақсыздығы айқын байқалған. Оң аяғына толық салмақ түсіріп жүру қиындаған. Ауырсыну деңгейі он балдық шкала бойынша 7 балға дейін жеткен.

Науқас Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жүгініп, қажетті тексерулерден өтті. Дәрігерлер оң жақ тізе буынындағы байламдардың бірнеше жерден зақымданғанын анықтады. Атап айтқанда, алдыңғы және артқы айқас байламдары, ішкі және сыртқы жанама байламдары жыртылып, менискі бірнеше тұстан зақымданған. Жарақаттың күрделілігін ескере отырып, мамандар ота жасауды ұсынды.

Мирослав МӘМС аясында жоспарлы түрде №4 қалалық клиникалық аурухананың ортохирургия бөлімшесіне жатқызылды.

«Біз артроскопиялық әдіспен артқы айқас байламды науқастың өз денесінен алынған ұзын шыбық бұлшықетінің сіңірін пайдаланып қалпына келтірдік. Ішкі жанама байламды қалпына келтіру үшін де науқастың өз денесінен алынған жіңішке бұлшықет сіңірі пайдаланылды. Сонымен қатар менисктің зақымданған бөліктері ішінара алынды. Ота артроскопиялық тәсілмен жасалды. Бұл әдіс буынға үлкен тілік жасамай, шағын тесіктер арқылы хирургиялық ем жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде зақымданған байламдардың бір бөлігін қалпына келтіріп, әрі қарай оңалту шараларын жүргізуге жағдай жасадық», – дейді Алматы №4 қалалық клиникалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері Бауыржан Нуралиев.

Қазір Мирослав спортпен айналысуын және нұсқаушылық қызметін жалғастырып жүр. Ол параплан спортына әуес, жаңадан бастаған спортшыларға дельтапланмен ұшудың қыр-сырын үйретеді. Сонымен қатар әуе шарымен ұшу бойынша да нұсқаушы болып жұмыс істейді. Мирослав үшін ұшу – жай ғана әуестік емес, өмірінің ажырамас бөлігі. Бұл спорт түрлері жақсы дене дайындығын, қимыл үйлесімдігін және өз қозғалысына сенімді болуды талап етеді.

«Мен спортпен белсенді айналысамын: парапланмен ұшамын, мотоспортты ұнатамын, хоккей ойнаймын, басқа да көптеген спорт түрінде өзімді сынап көремін. Спорт – менің өмірім! Жаттығу кезінде ұшу барысында тізе буынымды жарақаттап алдым: екі айқас байламым мен жанама байламдарым зақымданды. №4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігері Бауыржан Базаргелдиевич маған бірнеше кезеңнен тұратын ота жасауға келісті. Алғашқы кезеңде артқы айқас және жанама байламдар қалпына келтірілді. Алдағы уақытта екінші ота жасалып, алдыңғы айқас және сыртқы жанама байламдар қалпына келтірілуі керек. Қазір жағдайым тұрақты, спортпен айналысуды жалғастырып жүрмін. Емдеу толық аяқталмаса да, тізе буынымның тұрақтылығы жақсы. Екінші ота да біріншісі сияқты сәтті өтеді деп үміттенемін», – дейді Мирослав Малыхин.

Артроскопия – буын аурулары мен жарақаттарын хирургиялық жолмен емдеудің заманауи, аз жарақаттайтын әдісі. Ота арнайы бейнекамера мен хирургиялық құралдардың көмегімен терідегі шағын тесіктер арқылы жасалады. Бұл әдіс травматологияда, соның ішінде спорттық жарақаттарды – мениск, айқас байламдар мен тізе буынының басқа да құрылымдарының зақымдануын емдеуде кеңінен қолданылады. Ота шағын тіліктер арқылы жасалатындықтан, айналасындағы тін аз зақымданып, бірқатар жағдайда оңалту шараларын ертерек бастауға мүмкіндік туады.

№4 қалалық клиникалық аурухана Аймақтық травматология және ортопедия орталығының базасында мұндай оталар жоспарлы және шұғыл түрде, сондай-ақ күндізгі стационар жағдайында жасалады. Жыл басынан бері ауруханада осындай 550 ота жасалды.

Дельтапланмен ұшу кезінде ауыр жарақат алған алматылық спортшыға тізе буынына күрделі ота жасалды