Алматы дәрігерлері құрсақ қолқасының алып аневризмасы бар науқастың өмірін сақтап қалды

Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасына 64 жастағы Юрий есімді ер адам шұғыл түрде жеткізілді. Үйінде кенеттен қатты әлсіреп, іші беліне қарай шаншып ауырғаннан кейін есінен танып қалған. Оның ауруханаға түскен кездегі жағдайы ауыр деп бағаланды.

Тексеру нәтижесінде дәрігерлер науқастың құрсақ қолқасында диаметрі 8 см-ге жеткен алып аневризма барын анықтады. Ал ер адамдарда құрсақ қолқасының қалыпты диаметрі шамамен 2 см болады.

Сонымен қатар тамыр қабырғасына жанаса орналасқан қан ұйындысы анықталып, қолқаның қабаттанып ажырауына күдік туындады. Аневризманың жарылып кету және соның салдарынан ішкі қан кету қаупі жоғары болғандықтан, шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болды.

Күрделі отаны жасау үшін Орталық қалалық клиникалық аурухананың эндоваскулярлық хирургтері Султан Илиев пен Даулет Алдакешов шақырылды.

Екі аурухананың дәрігерлері бірлесіп, құрсақ қолқасына стент-графт орнату (EVAR) отасын жасады. Бұл – шағын инвазивті, яғни тіндерге барынша аз зақым келтіретін хирургиялық әдіс. Ота барысында зақымданған тамыр бөлігіне арнайы протез орнатылып, қан ағысы сол арқылы бағытталады. Нәтижесінде аневризманың жарылу қаупі төмендеді.

«Аневризманың көлемін, науқас жағдайының кенеттен нашарлауын және тамырдың жарылу қаупінің жоғары екенін ескере отырып, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдадық. Жағдай жедел диагностика мен шұғыл емдеуді талап етті. Өйткені аневризма жарылған жағдайда көп мөлшерде ішкі қан кетіп, науқастың өміріне тікелей қауіп төнуі мүмкін еді», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Аскар Наринбаев.

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған ота жергілікті жансыздандыру арқылы жасалды. Отадан кейін науқас үш күн бойы жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде дәрігерлердің бақылауында болды. Кейін бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Ем қабылдағаннан кейін жетінші күні жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне шығарылды.

«Маған екінші өмір сыйлағаныңыз үшін рақмет!», – деп Юрий дәрігерлерге алғысын білдіріп, көрсетілген кәсіби көмегі үшін ризашылығын жеткізді.

Алматы дәрігерлері құрсақ қолқасының алып аневризмасы бар науқастың өмірін сақтап қалды