Алматыдан Атырауға ұшқан ұшақ көтерілгеннен кейін 15 минуттан соң әуежайға оралды: жолаушылардың бірі жедел миокард инфарктын алған.
Ұшақ жерге қонғаннан кейін ер адам жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылып, шұғыл түрде Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
«Науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланды, кардиогендік шок орын алып, қан қысымы төмендеді, қатты ентігу, ауырсыну байқалды. Оған шұғыл жасалған коронарлық ангиографияда үш тамырдың зақымданғаны анықталды. Жүрек қанмен үш негізгі артерия арқылы қамтамасыз етіледі. Екі коронарлық артерия, оң жақ коронарлық артерия және орай жанаспа артерия толығымен жабылған. Алдыңғы қарынша аралық артерияның тарылуы 96% болды. Былайша айтқанда, жүректің қанмен қамтамасыз етілуі 4% ғана болды. Мұндай жағдайда ашық аорта-коронарлық шунттау отасын жасау қажет. Сондықтан науқасты көпбейінді тексеруді, Алматы Қалалық кардиологиялық орталық мамандарымен кеңейтілген консилиум ұйымдастырдық. Науқасты ашық ота жасау үшін басқа ауруханаға ауыстыру керек деп шешілді. Бірақ 1-1,5 сағат ішінде науқаста айқын жүрек жеткіліксіздігі пайда болып, оны басқа ауруханаға жеткізу үлкен қауіп туғызды. Алдыңғы қарыншааэ аралық артерияға стент қоюдан басқа амал болмады. Стенттеу сәтті орындалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық, үш күн жансақтау бөлімінде жатты», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың рентген-эндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің меңгерушісі Асқар Нарынбаев.
«Алтын сағат» принципі бойынша дұрыс қабылданған шешімдер тізбегі: ұшақты қайтару, тасымалдау кезінде ауруханаға дейінгі кезеңде жедел медициналық көмек бригадасының кәсіби іс-әрекеті және №4 қалалық клиникалық аурухана жағдайында шұғыл хирургиялық араласу арқасында науқас аман қалды.
«Бұл жағдайда борт кері қайтарылмағанда, Атырауға ұшу уақыты үш сағат және осы үш сағат ішінде кез келген уақытта жүрек тоқтап, науқас қайтуы мүмкін еді», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың рентген-эндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің меңгерушісі Асқар Нарынбаев.
Ер адам отадан айығып, оңалтуды жалғастырады. Жанспқтау бөліміндегі үш күн және кардиологтардың жіті бақылауындағы бір апта артта қалды. 2024 жылдың 13 тамызы Жақсылық Иғжановтың екінші туған күні. Айтпақшы ол да ұшқыш, зейнеткерлікке шыққанша шағын авиацияда жұмыс істеген. Командирдің ұшақты әуежайға қайтару шешімі арқасында Жақсылық аман қалды.