Медицина – әйелдің нәзіктігі мен қайсарлығының үйлесімі – ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА
Медицина – әйелдің нәзіктігі мен қайсарлығының үйлесімі

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз күн сайын адам өмірі мен денсаулығын сақтауға атсалысып жүрген барлық әйел медицина қызметкеріне алғыс білдіреміз.

Қалалық клиникалық аурухана дәстүрлі түрде өз қызметкер әйелдерін көктемнің шуақты мерекесімен құттықтайды. Әйелдер медицина саласының дамуына орасан зор үлес қосып келеді, олардың еңбегінің құндылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Біздің ауруханада 686 әйел қызмет атқарады, соның ішінде 86 дәрігер түрлі медициналық мамандық бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Аурухана ұжымының 61%-ын нәзік жандылар құрайды, бұл тағы да медицинаның әйел еңбегіне негізделгенін дәлелдейді.

Қалалық клиникалық аурухана – Алматыдағы ең ірі стационардың бірі. Мұнда тәулік бойы жедел медициналық көмекке мұқтаж, ауыр жарақат алған науқастар келіп түседі. Біздің аурухана жіті жарақатты емдеудің жетекші орталығы ретінде танылған. Бұл жүйенің үздіксіз және тиімді жұмыс істеуі, ең алдымен, әйел медицина қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен жанқиярлық еңбегінің нәтижесі.

«Ауруханамызда қызмет етіп жүрген барлық әйелге шын жүректен алғыс білдіреміз! Сіздер өз мамандығыңызға деген адалдығыңызбен, жанашырлығыңызбен және кәсіби шеберлігіңізбен мыңдаған пациентке үміт пен өмір сыйлап келесіздер. Еңбегіңіз әрдайым жоғары бағаланып, ақ жүрегіңізден төгілген мейірім өзіңізге еселеп қайтсын!» – деп атап өтті Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының директоры Біржан Досмаилов.

Медицина – әйелдің нәзіктігі мен қайсарлығының үйлесімі