
2025 жылғы қыркүйектің 12-сінде Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханада «Сыбайлас жемқорлық – қоғамдағы негізгі мәселе» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және азаматтардың медициналық ұйымдарға деген сенімін нығайту.
Семинарға «Алматы-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшылары, заңгерлер және кәсіби медиаторлар қатысты. Іс-шараны «Алматы-адалдық алаңы» кеңсесінің басшысы Марат Калимолдин жүргізді.
Жиынды ашқан №4 ҚКА директоры Біржан Досмаилов:
“Бүгінгі дөңгелек үстел отырысы қоғамымызда, елімізде бар ең өткір мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбына арналды.
Сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекет үшін қатер болып табылады. Ол іскерлік ортаны бұзады, мемлекеттің тиімдігін төмендетеді, мемлекеттің имиджіне нұқсан келтіреді. Ең бастысы – сыбайлас жемқорлық азаматтардың мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және сол ұйымдардың қызметкерлеріне деген сенімін әлсіретеді.
Бүгінгі жиын қоғамда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыруға барынша ықпал етеді, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің осы мәселеге қатысты айқын ұстанымын айқындайды деген сенімдемін”, – деп атап өтті.
Талқылаулар сарапшылардың баяндамасымен, бейнероликтер көрсетілімімен және ашық пікірталаспен жалғасты. Негізгі қорытынды – қаланың медициналық қауымдастығы сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімдік қағидатына адалдығын растап, адал әрі ашық корпоративтік мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысқа дайын екенін білдірді.
Алматы №4 ҚКА алдағы уақытта да денсаулық сақтау жүйесінің беделін арттыратын және пациенттердің сенімін нығайтатын үздік тәжірибелерді енгізу мен диалог жүргізудің белсенді алаңы бола бермек.

