
№4 ҚКА қабылдау бөліміне иық сүйегінің жабық жарықшақтанған сынуы және шынтақ сүйегінің ығысуымен жарықшақтанған сынуы диагнозымен 78 жасар пациент келіп түсті.
Жарақаттың сипаты мен консервативті емдеу кезінде жоғары асқыну қаупін ескере отырып, қабылдау бөлімінің меңгерушісі, травматолог Магадин Хайроев анестезиологтар тобымен бірге шұғыл түрде ота жасау қажеттігі туралы шешім қабылдады.
Ота сәтті өтті, пациенттің жағдайы тұрақты, бүгін ол үйіне шығуға дайындалып жатыр.
Пациент Людмила Битюкованың немересінің айтуынша, әжесі үй шаруасы кезінде қолын жарақаттап алған. Бұған дейін бірнеше рет сүйек сынуын бастан өткергендіктен, жасы келген әйел отаның қажеттігіне күмәнданып, қайта жасалатын наркоздан қауіптенген еді. Бірнеше күн бойы консервативті ем жүргізілген, алайда науқастың қолының жағдайы нашарлай бастаған – ісік ұлғайып, ауырсыну басылмаған. Осыдан кейін отбасы травматолог Магадин Микаиловичке қаралу үшін қалалық клиникалық ауруханаға жүгінуді шешкен.
«Дәрігер бәрін бірден өте сауатты түсіндірді: мұндай сынықтар оның жасында іс жүзінде дұрыс бітпейді, ал айлар бойы гипспен жүру – тек қана азап. 15 минуттық әңгімеден кейін әжем еш күмәнсіз отаға келісті. Біз тез дайындықтан өттік, көрсеткіштері жақсы болды, ота да жақсы өтті. Дәрігердің кәсібилігі мен пациентпен сөйлесе білу қабілеті үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Бұл дәрігерді міндетті түрде Алматының ең жақсы мамандарының тізіміне қосамын», – деді немересі.
Дәрігерлер қарт жастағы пациенттерде жарақаттың ауыр зардабының алдын алу үшін дер кезінде жүргізілген диагностика мен жеке тактиканы дұрыс таңдаудың маңызын еске салады.
