Алматы, 20.12.2024 ж. — Алматы нейрохирургтар қоғамының отырысы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында өтті. Жиында нейрохирургия саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Күн тәртібінде келесі тақырыптар қарастырылды:
– Брахиоплексопатия: хирургиялық анатомия және хирургиялық емдеу.
– Обструктивті ұйқы апноэсы және оның инсультпен байланысы.
– Екі омыртқа артериясының окклюзиясы, негізгі артерияның субокклюзиясы және омыртқа артериясының зақымдануы жағдайларында ми қан айналымының созылмалы ишемиясын хирургиялық емдеу.
– Тәжірибелік жағдай: созылмалы субдуралді гематоманы біріктірілген емдеу және Artemis аспирациялық жүйесін қолдану арқылы миішілік гематоманы эндоскопиялық алып тастау.
№4 қалалық клиникалық аурухана 2021 жылғы сәуірдің 1-інде ашылған нейрохирургия және нейроинтервенция бөлімшесін мақтан етеді. Бөлімше заманауи рентгеноперациялық Azurion PHILIPS ангиографиялық қондырғысымен, 4 орындық қарқынды терапия палатасымен және нейрохирургиялық науқастарға арналған 20 төсек-орынмен жабдықталған. Жыл сайын жоғары білікті нейрохирургтар тобы әр түрлі деңгейдегі күрделі 250-ден астам ота жасайды.
Бөлімшенің негізгі бағыттары:
– Бас-ми жарақаттары мен гематомалары кезінде шұғыл көмек көрсету.
– Асқынудың алдын алу үшін миішілік гематоманы хирургиялық жолмен алып тастау.
– Қантамыр патологиясын емдеу (аневризма, мальформация).
– Минималды инвазивті араласулар.
– Омыртқа аралық дискілердің жарығы мен омыртқа өзегі стенозы сияқты дегенеративті ауруларды хирургиялық емдеу.
Инновациялық технология мен заманауи емдеу әдістерін енгізудің арқасында осы жылдың 11 айында нейрохирургия бөлімшесінде 482 ота орындалды.
Бөлімшенің заманауи жабдығы:
– Интраоперациялық КТ С-доғасы.
– Омыртқалық отаға арналған Leica M750 микроскопы.
– Омыртқалық навигацияға арналған ЭОТ қондырғысы.
– РЖД аппараты.
– Транспедикулярлық бекіту, вертебропластика, TLIF, омыртқааралық дискілердің жарығын алып тастау және шунттау оталарына арналған құралдар жиынтығы.
– Ангиографиялық қондырғы.
№4 қалалық клиникалық аурухана нейрохирургия саласында жаңа технологияны енгізуді жалғастырып, пациенттерге жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.