АЛМАТЫДА АЛҒАШ РЕТ ТОЛЫҚ РОБОТТАНДЫРЫЛҒАН ОТАЛАР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
№4 қалалық клиникалық ауруханада халықаралық шеберлік сыныбы өтті. Онда травматологтар мен ортопедтер толық автоматтандырылған ортопедиялық жүйемен ота жасауға жаттықты. Тізе буынының патологиясы бар төрт науқасқа робот көмегімен эндопротездеу жасалды. Жүйе тізе буындарын жасау үшін стереотактикалық құрылғы ретінде қолданылды. Науқастың МРТ, КТ суреттерін пайдалана отырып, робот хирургқа ота алдындағы дайындықты жоспарлауға көмектесті және ота кезінде аналитикалық ақпарат берді.
Бөлімше меңгерушісі Манарбек Әубәкіров ауруханада алғашқылардың бірі болып роботпен бірге ота жасады.
«Тізе буынының 3-4 дәрежелі деформациялық гонартрозымен 10 жылдан астам ауыратын науқасқа ота жасадық. 3 немесе 4 дәрежелі гонартрозды емдеудің жалғыз тиімді жолы – хирургиялық араласу. Алдын ала тізе буынының компьютерлік томографиясы жасалды, зерттеу деректері жүйеге жүктелді. Робот біз үшін деформацияны, имплант өлшемін есептеді, ота кезінде жүйе тапсырманы өз бетімен орындағандай болды. Робот миллиметрлік дәлдікпен оталық аймақты кесті. Адам факторы алынып тасталды. Бұл жоғары мамандандырылған роботтандырылған технология, сондықтан науқас тезірек аяғына тұрады, отадан кейінгі ауырсыну синдромы азайып, жарақаттар азаяды», – дейді Манарбек Әубәкіров.
№4 қалалық клиникалық аурухана – жедел және жоспарлы хирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық көмектің толық циклі бар мамандандырылған травматологиялық орталық. Дәл осы күндері №4 қалалық клиникалық ауруханада ревизиялық эндопротездеу бойынша шеберлік сыныбы өтіп жатыр, онда жұқпалы асқыну мәселелері талқыланбақшы. Аурухана – ірі буындарды ауыстыру саласындағы флагман. Мұнда жыл сайын 2 мыңға жуық буын ауыстыру отасы жасалады. С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология және ортопедия кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамымен бірге аурухананың жетекші дәрігерлері шеберлік сыныбының спикері болады.
Бұған дейін Төртінші қалалық ауруханада жартылай автоматты жүйесі бар робот сынақтан өткен болатын.