
Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасында терең күйік пен күйіктен кейінгі контрактураларды емдеудің заманауи тәсілдері бойынша кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстанның бейінді мамандары мен комбустиология және пластикалық хирургия саласындағы түркиялық сарапшылар қатысты.
Кездесудің құрметті қонағы – профессор, медицина ғылымдарының докторы, Анкара қаласындағы Билкент қалалық ауруханасының балалар хирургиясы клиникасы мен күйік орталығының жетекшісі, Түркияның Күйік және жарақат қауымдастығының президенті Эмрах Шенел болды. Ол балалардағы күйіктерді емдеу, реконструкциялық хирургия және күйіктен кейінгі асқынудың алдын алу бойынша маманданған.
Түркия делегациясының құрамында сондай-ақ Түркияның Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің денсаулық сақтау саласындағы білім беру жобаларына жауапты өкілі Фатих Аслан болды.
Қазақстандық мамандардың атынан №4 қалалық клиникалық аурухана директорының орынбасары Биконуров Нұржан Омарұлы мен №4 қалалық клиникалық ауруханасының күйік бөлімінің меңгерушісі Әлменов Елдос Әділханұлы қатысты.
Кездесу барысында түркиялық мамандар күйіктің тереңдігін бағалаудың, ерте хирургиялық ем жүргізудің, тері пластикасын жасаудың, сондай-ақ күйіктен кейінгі контрактуралар кезінде реконструкциялық ота жасаудың заманауи халықаралық тәсілдерін таныстырды. Әріптестер күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, заманауи хирургиялық әдістерді көрсетіп, тәжірибесін бөлісті.
№4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімі – Алматы қаласы мен еліміздің оңтүстік өңірінің күйік жарақаты бар ересек пациенттеріне мамандандырылған медициналық көмек көрсететін бөлімше. Жыл басынан бері стационарда күйік жарақаты бар 175 пациент ем қабылдады. Клиниканың қабылдау бөліміне күйік жарақатымен тағы 250 адам жүгінді.
Бөлімшеде күйік емдеудің заманауи жоғары технологиялық әдістері қолданылады. Комбустиолог дәрігерлер ауыр күйік жарақаты мен күйіктен кейінгі асқынуы бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуде мол тәжірибеге ие.
