Дәрігер-нейрохирург: инсульт алған науқастың толық қалпына келу мүмкіндігі бар – ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА
Дәрігер-нейрохирург: инсульт алған науқастың толық қалпына келу мүмкіндігі бар

Жіті ми қан айналымының бұзылуы (инсульт) кезінде механикалық тромбоэкстракция әдісін қолдану науқастың толық қалпына келу мүмкіндігін арттырады. Бұл шағын инвазивті әдіс арқылы тромб алынып, «терапиялық терезені» кеңейтуге болады. Дәстүрлі тромболитикалық терапиямен салыстырғанда, бұл әдіс қайтымсыз асқыну қаупін азайтады. Мұндай оталар Алматы №4 қалалық клиникалық аурухананың рентген-эндоваскулярлық хирургия бөлімшесінде сәтті жүргізіледі.

«Тромбоэкстракция инсульт алған науқасқа толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік береді. Бұл жерде уақыт басты рөл атқарады: шағын инвазивті хирургиялық араласу неғұрлым ерте жасалса, толық қалпына келу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Біздің тәжірибемізде жақсы нәтиже бар – инсульт салдарынан сал болып қалған науқастар бірнеше күннен кейін өздігінен жүріп, сөйлей алды», – дейді №4 ҚКА нейрохирург дәрігері Алдонгар Айсаутов.

39 жастағы ер адам №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне сөйлеу қабілетінің бұзылуы, оң аяқ-қолының әлсіздігі және қос көріну сияқты инсульттің жіті белгілерімен түсті. Осылайша белгілері анықталғаннан бастап алты сағат ішінде нейрохирург мамандар механикалық тромбоэкстракция жасап, науқастың ми қызметін толық қалпына келтіре алды. Бір аптадан кейін ол неврологиялық асқынусыз ауруханадан үйге шығарылды.

«Невролог, нейрохирург және реаниматолог дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында механикалық тромбоэкстракция өмірді құтқару стандартының біріне айналып келеді. Бұл әдіс көптеген науқастың мүгедектікке ұшырауының алдын алып, қалыпты өмірге оралуына көмектеседі», – деп атап өтті №4 ҚКА Инсульт орталығының меңгерушісі Динара Мухангалиева.

Дәрігер-нейрохирург: инсульт алған науқастың толық қалпына келу мүмкіндігі бар