Бағжан Шымкент университетінің бірінші курс студенті. Ағымдағы жылдың 2 ақпанында бензин канистрі жарылып, салдарынан ол ауыр жарақат алды. Үлкен күйік дененің 85% құрады. Жедел жәрдем бригадасы оны № 4 ҚКА қабылдау бөліміне жеткізді. Жарақаттың сипатын, жалпы жағдайының ауырлығын ескере отырып, қабылдау бөлмесіне тоқталмай, науқас реанимация бөліміне жатқызылды. №4 ҚКА күйік ауруын емдеуші дәрігерлері жас жігіттің өмірі үшін екі ай бойы күресті.
«Сол күні бір өрт ошағынан біздің клиникаға 9 адам келіп түсті, барлығы ауруханаға жатқызылды. 8 пациентті біз емдеудің 15-ші күніне шығардық. Бағжан олардың арасында ең ауыр болды, біз оны екі ай емдедік», – деп айтып берді Алматы қаласының №4 Қалалық клиникалық ауруханасының күйікті емдеу бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Биконуров.
Науқас тәжірибелі реаниматологтардың бақылауымен 12 күн өткізді, жағдайы тұрақтанғаннан кейін мамандандырылған көмек алған бейінді бөлімге ауыстырылды. Бағжанның терең күйік шалған жерлері болды, дәрігерлерге аутодермопластика жасауға тура келді, яғни тері трансплантациясын, донорлық аймақтан сау кесінділерді қол мен арқаның жараларына ауыстырып отырғызды. Операция сәтті өтті.
«Тексеру кезінде күйік жаралары бас, бет, мойын, аяқ-қолдарда ауыздықталған. Күйік бетінің жалпы ауданы 85% құрады. Диагноз: аралас жарақат. Атмосфералық жарақат. Бастың, беттің, мойынның, дененің, аяқ-қолдың S=85 %(15%)/ I-II-IIIa-ІІІб дәрежелі термиялық күйігі. Жоғарғы тыныс жолдарының орташа дәрежелі күйігі. II-III дәрежелі күйіктік шок сатысындағы күйік ауруы», – деп айтып берді №4 ҚКА күйік ауруын емдеуші дәрігер Елдос Әльменов.
Ауруханадан шыққан күні Бағжанның ата-анасы көз жастарын әрең ұстап тұрып, ұлының айығуы олар үшін алматылық дәрігерлердің қолымен жасалған нағыз ғажайып екеніне кәміл сенді. Белгілі болғандай, ауруханалар карантин жағдайында жұмыс істейді, ал эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында пациенттердің туыстарына көңіл сұрап баруға тыйым салынған. Бағжанның ата-анасына дәрігерлердің сөзіне сенуден басқа ештеңе қалмады. Ұзақ күткен екі ай артта қалды.
«Баламызды аман алып қалды! Барлығы дәрігерлердің арқасында. Біз бұл ауруханаға ұлымызды құтқарғаны үшін шексіз ризамыз. Өрт абайсызда орын алып, ұлымыз қатты зардап шекті. 85% күйік алғаннан кейін ол бізге тірі және сау болып оралды. Әрине, емдеуші дәрігер өз ұсыныстарын берді және ұлымды болашақта оңалту кезеңінде қадағалауға уәде берді. Осы екі айдың ішінде біз дәрігерлердің қолдауын сезіндік, олар бізбен тәулік бойы байланыста болды», – деп айтып берді Бағжанның әкесі Қанат Мырзатаев.
№4 Қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімшесі медициналық көмекке күйік шалған және оның салдары бар пациенттер жүгінетін елдегі ең ірі күйіктік орталығы болып табылады.
«Бізде білікті мамандар мен заманауи жабдықтар бар, бұл терең күйіктерді ерте хирургиялық емдеудің жоғары тиімді технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл науқастарды емдеу уақытын 2 есе қысқартуға көмектеседі. Сонымен қатар, емдеудің функционалды және косметикалық нәтижелері едәуір жақсарады, ұзақ мерзімді емдеумен байланысты науқастың азабын едәуір азайтады. Біз әрбір пациентті емдеу үшін бар күшімізді саламыз», – деп түйіндеді №4 Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.
Бөлімше 15 төсек-орынға арналған, тәулік бойы күйіктің барлық түрлерімен: термиялық, химиялық, сәулелік, электр күйіктерімен науқастарды қабылдайды.