Мұрат өткен жылдың соңында Жаңаөзенде болған үлкен өртті сөндіру кезінде ауыр жарақат алған. 10 күн бойы оның жағдайы тұрақтандырылып, содан кейін маңғыстаулық Мұрат Алматыдағы Төртінші қалалық аурухананың травматолог дәрігерлеріне жеткізілді.
Бес айдан астам уақыт бойы №4 қалалық клиникалық аурухананың күрделі травматология және іріңді хирургия бөлімінің дәрігерлері оның денсаулығы үшін күресті.
«Сүйек сынықтарының ығысуымен сол жақ өкше сүйегінің ашық ұсақталған сынуы, сол жақ табанның асық сүйегінің сынуы, сүйек сынықтарының ығысуымен 2, 3, 4, 5 сол жақ табан сүйектерінің жабық сынығы. Сүйек сынықтарының ығысуынсыз оң жақ табан буынының латеральды тобығының жабық жиектік сынуы – күрделі клиникалық жағдай. Науқас біздің ауруханаға түскенде онда тері мен жұмсақ тіндердің некрозы және ақауымен сол жақ табанының жыртылған жарасы болды. Былайша айтқанда, 10 күн өткеннен кейін тін өле бастады. Хирургиялық емдеу үш кезеңде жүргізілді. Біздің бар тактикамыз бір мақсатқа – науқастың аяғын сақтап қалуға бағытталды», – деп атап өтті №4 қалалық клиникалық аурухананың күрделі травматология бөлімінің меңгерушісі Андрей Федотов.
Дәрігерлер өмір сүруге жарамсыз фрагменттерді алып тастаған алғашқы отадан кейін өкше сүйегі ашылды. Науқас ампутацияның ар жақ бер жағында болды, бірақ хирургтар тері ақауына пластикалық ота жасауды ұйғарды.
Екінші ота: некроэктомия, тері ақауын суральды кесіндімен васкулярлы тері пластикасы, Илизаров аппаратында табан сүйектерінің тері арқылы остеосинтезі.
Жараны екі кезеңдік дайындықтан кейін дәрігерлер теріні ауыстырып орналастырды.
Төрт ай бойы табанның сынған сүйектерін емдеу Илизаров аппаратында жалғасты. 1 сәуірде аппарат демонтажталды – бәрі сәтті өтті, маңғыстаулық құтқарушының аяғы аман қалды.
«Менің болашағым үшін күресіп, аяғымды аман алып қалған Алматыдағы Төртінші аурухананың травматологтарына, хирургтарына, реаниматологтарына және барша ұжымына шын жүректен алғыс білдіремін», – дейді жаңаөзендік өрт сөндіруші Мұрат Жақсылық.
Өрт сөндіру кезінде аяғынан айырылып қала жаздаған жаңаөзендік өрт сөндірушіні алматылық дәрігерлер аяққа тұрғызды