Шырынкүл верит за двоих

Шырынкүл Балабай Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының неврология бөлімінде емдік массаж медбикесі болып жұмыс істейді.

Оның алдына келетін науқастардың жағдайы ауыр. Бірі инсульт алған, енді бірі ми қан айналымының жіті бұзылуын бастан өткерген. Көбінің сөйлеуі қиындаған, аяқ-қолы еркін қимылдамайды. Тіпті кейбірі бұрынғы қалпына қайта келемін деген үміттен де айырылған.

Дәрігер емін тағайындайды, медбике қажетті ем-шараны жүргізеді. Ал Шырынкүл болса адамның қайтадан қимылдауына жол ашады. Оның күнделікті атқаратын ісі – жоғалған мүмкіндікті қайтару.

Неврология бөлімінде массаж жасауды таңдайтын мамандар көп емес. Өйткені мұнда еңбек ету ауыр, ал нәтиже бірден көріне қоймайды.

– Осы бөлімге келгенде өзімді күрделі жағдайдағы науқастармен жұмыс істеуге сынап көргім келді. Тәжірибе де осындай ортада шыңдалады деп ойладым, – дейді Шырынкүл.

Ол республикалық жоғары медициналық колледжді бітіргеннен кейін массаж салондарына немесе СПА орталықтарына жұмысқа тұра алар еді. Алайда өз таңдауын медицинадан тапты.

– СПА-дағы массаждың мақсаты басқа, – дейді ол. – Ол көбіне адамның бойын сергітіп, денесін босаңсытуға бағытталған. Ал біздің науқастар алатын массаж – емнің ажырамас бөлігі. Ол адамның жоғалтқан қимыл-қозғалысын қалпына келтіріп, қалыпты өмірге оралуына көмектеседі.

Шырынкүлдің жұмыс күні массаждан басталмайды. Әуелі науқаспен тілдеседі. Өйткені адамның көңілін таппай, сеніміне кірмей тұрып, толық нәтиже шығару қиын.

– Науқас маманға сенуі керек. Сенім жоқ жерде түсіністік болмайды. Ал түсіністік болмаса, ем де өз нәтижесін толық бере алмайды. Біздің көздегеніміз – адамның сауығып кетуі, – дейді ол.

Кейде өмірден күдер үзген жандар да кездеседі. Қолымды қозғалта алмаймын, орнымнан тұрмаймын, енді жазылмаймын деп ойлайды. Осындай сәттер Шырынкүл үшін ең ауыр кезеңнің бірі.

– Мұндай кезде адамның бойына үміт ұялатып, өзіне деген сенімін қайта ояту керек, – дейді ол. – Әр ем-шараның не үшін қажет екенін түсіндіріп отырамыз. Массаж да, арнайы жаттығу да адамның қалыпты тіршілігіне қайта оралуына көмектеседі.

Шырынкүл ешкімге дауыс көтермейді, ешкімді мәжбүрлемейді. Күн сайын келіп, өз жұмысын тиянақты атқара береді. Уақыт өте келе науқастың бойына сенім ұялайды. Ал сенім бар жерде нәтиже де болады.

Бір кезде қимылсыз жатқан саусақтың бүгілгенін, аяқтың алғашқы қадамын жасағанын көру – медицинадағы ең үлкен қуаныштың бірі.

– Мұндай сәттер біздің еңбегіміздің өтеуі секілді, – дейді Шырынкүл. – Науқастың алғаш рет өздігінен жүргенін немесе қайтадан қасық ұстай алғанын көргенде, төккен теріміздің ақталғанын түсінеміз. Біз дәрігер, медбикелермен бір мақсат жолында еңбек етеміз. Басты міндетіміз – науқастың сауығып кетуіне қолдан келген көмекті көрсету.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында «Марапатты өзіңіз тапсырсаңыз, кімге берер едіңіз?» деген сұрақ қойылғанда, ол ойланбастан:

– Ең алдымен кіші медицина қызметкерлеріне берер едім. Өйткені көзге көріне бермейтін ең ауыр жұмыстың бір бөлігі солардың мойнында. Олар тазалықты сақтайды, науқастарға қолайлы жағдай жасайды, – деп жауап берді.

Күн соңында Шырынкүлдің қолы талады. Бірақ бірнеше күн бұрын саусағын қимылдата алмаған науқастың бүгін алақанын өзі созып тұрғанын көру сол шаршаудың бәрін ұмыттырады.

Шырынкүл өзін ерекше жан санамайды. Ол – адам денсаулығы үшін еңбек етіп жүрген үлкен ұжымның бір мүшесі ғана. Кіші медицина қызметкерлері, медбикелер, жедел жәрдем жүргізушілері секілді көпшілік байқай бермейтін жандардың еңбегі арқылы талай адам өмірге қайта оралып жатыр.

Шырынкүлдің қолындағы шипа