№4 Қалалық клиникалық аурухананың ұжымына қайғылы қаңтар күндеріндегі жұмысы үшін алғыс білдірілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Надежда Михайловна Петухова жұмыс сапарымен Алматы төртінші қалалық ауруханасына барды. Қоғам қайраткерінің мақсаты – қаңтар айында болған оқиға кезінде қажырлы еңбек еткен ұжымға алғыс хат тапсыру.
«Сіздер COVID-19 жағдайында көмек көрсетіп, жүздеген адамның өмірін сақтап қалған медициналық мекемесіз. Әрине, қаңтар оқиғасы кезінде де сіздер эпицентрде болдыңыздар. Сіздердің Клиникаңыз шұғыл және жоспарлы травматологиялық көмек көрсетудің флагманы болып табылады. Ауруханада ең үздік травматолог мамандар жұмыс істейтінін білемін. Осы қорқынышты оқиғалар барысында сіздерге тәулік бойы ауруханадан шықпай жұмыс істеуіңізге тура келді, қаладағы жағдайға байланысты, ең бастысы – отбасыңыз үшін алаңдадыңыздар, бірақ қорқыныш пен шаршағандарыңызға қарамастан жұмыс істедіңіздер. Менің ойымша, бұл нағыз ерлік. Біздің мамандығымыз қашанда жанқиярлық, ерік-жігер мен жоғары кәсіпқойлықты қажет етеді. Қоғамдық кеңес атынан сіздердің мекемелеріңізге пандемияға төтеп бергеніңіз және қанды қаңтар күндері көмек көрсеткеніңіз үшін «Алғыс хат» тапсыруға рұқсат етіңіздер. Біздің бейбіт кұндері жұмыс істеуді, мұндай оқиғалардың қайталанбауын тілеймін, өйткені біздің халқымыз әрқашан бейбіт өмір сүрді. Медицина қызметкерлері – әрдайым бейбітшілікті жақтайтын адамдар, өйткені сіздер күнделікті ауру мен оның кесірінен болатын азаптың не екенін көресіздер. Сіздер еліміздің денсаулығын қорғаушыларсыздар. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді Надежда Петухова.
Парламенттің төменгі палатасының экс-депутаты Кеңестің дәрігерлерді қолдау үшін қабылдаған шаралары туралы сөз етті: қазіргі уақытта дәрігерлерді қорғайтын НҚА-ға өзгерістер мен толықтырулар әзірленіп жатыр. Жақын арада дәрігерлерді әлеуметтік қорғау туралы заң дайындалады.
«Қазақстан-Ресей медуниверситеті» МЕББМ атынан ректор Нурлан Темирбекович Жайнакбаев №4 ҚКА ұжымына бағалы сыйлықтар табыс етті. Төртінші қалалық аурухана базасында «Қазақстан-Ресей медициналық университеті» МЕББМ акушерлік және гинекология мамандығы бойынша дипломнан кейінгі білім беру курсы жұмыс істейді.
ҚРМУ Жалпы медицина факультетінің деканы Абдукаримов Хашим Хашимович университет ректоры атынан «Алғыс хат» табыс етті:
«Қазақстан-Ресей медициналық университеті 2022 жылғы қаңтардағы төтенше жағдай кезеңінде табанды кәсібилігі, қажырлы еңбегі үшін Алматы №4 Қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлеріне алғыс білдіреді. Бүкіл ұжымға зор денсаулық, амандық және табыс тілейді», – делінген хат мәтінінде.
«Алматы жан түршігерлік оқиғасы» күндері төртінші қалалық ауруханаға барлығы 199 адам түсті. Клиниканың жетекші дәрігерлері қамауда отырған адамдарға кеңес беру үшін бірнеше рет арнайы мекемелерге барды. №4 ҚКА бас дәрігері Сағи Бейсенбеков Клиника барлық сынақтардан әріптестерінің жоғары кәсіпқойлығы, персоналдың жанкештілігі және дәрігерлік борышқа берілгендігінің арқасында өткенін баса айтты.
«№4 ҚКА-ға келгеніңіз үшін көп рахмет. Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес – медицина қызметкерлерін қорғай алатын, министрлікте және Үкіметте медициналық қоғамдастықтың мүдделерін білдіретін орган, қабылданатын шешімдері ұсынымдық сипатта болады. Біз халық денсаулығының игілігі үшін жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз», – деді бас дәрігер.