Марафон және медицина: дәрігердің төзім жолы

Алматыда өткен он төртінші Almaty Marathon жарысына 60 елден 16 149 адам қатысты. Солардың ішінде рекордтық 1500 қатысушы толық қашықтықты – 42,2 шақырымды таңдады. Бұл – қатысушылардың небәрі 9 пайызы ғана. Осы ең төзімділердің қатарында күн сайын адам өмірі үшін күресіп жүрген дәрігер де болды.

№4 қалалық клиникалық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Тунгушбаев Аскар Пулатбекович марафонға медаль үшін қатысқан жоқ. Ол үшін бұл жарыс мамандығының басқа қыры іспеттес: мұнда да сабырлы сана, төзім мен ырғақтың үйлесімі қажет. Ол 984-нөмірмен жүгіріп, мәреге төрт жарым сағаттан кейін жетті. 16 мыңға жуық қатысушының ішінде 212-орынды иеленді.

«Марафонға қатысуымның екі себебі бар: біріншіден,
көмекке мұқтаж жандарға, кішкене болса да, қолдау көрсету. Екіншіден, өз денсаулығыма көңіл бөлу. Неліктен жүгіру дейсіз бе? Бұл спорт менің өмірімді өзгертті. Бала кезімде спортшы болуды армандағанмын, бүгін сол бала арманымды жүзеге асырып отырмын».

42 шақырым – көп нәрсені қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін қашықтық.

«Бұл оңай емес. Мен марафонды өмірмен салыстырамын. Түрлі қиындық болады, оларды бетпе-бет қарсы алған адам ғана жеңіске жетеді. Маған дәстүрлі түсініктегі “мотивация” қажет емес. Мен үшін бастысы – тәртіп. Қатаң тәртіп сақтай білген адам ғана нәтижеге жетеді», – дейді дәрігер.

Аскар Тунгушбаев спорт туралы да, ота жасау бөліміндегі жұмысы жайлы да салмақты да сабырлы әңгімелейді.

«Спорт – менің философиям. Одан тыс өмірді елестете алмаймын. Ол жаңа идея береді, ал кәсіби өмірімде – айқын ой мен мұқияттықты сыйлайды. Анестезиологтың жұмысы күйзеліске әкеледі, ал жүгіру соны жеңілдетеді. Жүгіргенде тек тыныс, қадам және жол болады. Басқаның бәрі жоқ болады».

Реаниматолог-дәрігердің күні минутына дейін жоспарланған. Сонда да спорт оның ажырамас бөлігіне айналған.
«Таңертең жаттығамын, осылайша жұмысқа сергек келемін. Бос уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Құпиясы қарапайым: тұрақтылық пен күнделікті еңбек. Бұл спортта да, медицинада да жұмыс істейтін маңызды қағида».

Әріптестері оның бұл әуестігін біледі әрі қолдайды: «Көбі қызығып сұрайды, тіпті жүгіре бастағандар да бар. Спорт – жақсы мағынасында, жұқпалы әдет».

Аскар Тунгушбаевтың келесі мақсаты – 26 қазанда өтетін Түркістан марафоны. Одан кейін халықаралық стартқа қатысу да ойда бар. Бірақ мамандығында да, спортта да оның ұстанымы бір: асықпай, жүйелі түрде, төзіммен алға басу. Жас дәрігерлерді спортқа баулу үшін не дер едіңіз деген сұраққа, марафоншы-дәрігер:
«Спорт деген денсаулық. Дені саудың – жаны да сау. Тек мықты адам ғана өзгелерге көмектесе алады», – деп қысқа да нұсқа жауап берді.

Марафон және медицина: дәрігердің төзім жолы