
Іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.
Жоба аурухананың инфрақұрылымын жан-жақты жаңарту және медициналық көмектің сапасын жүйелі түрде арттыру мақсатында іске асырылды. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін қабылдау бөлімі тәулігіне 250 адамнан 450 адамға дейін қабылдай алады. Бұл өз кезегінде науқастардың күту уақытын қысқартып, ем-домды бастау уақытын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Аурухана кешенінің жалпы аумағы 47 мың шаршы метрден асады, оның ішінде 7 мың шаршы метрге жуық бөлігі қайта жаңғыртудан өтті. Жөндеу жұмыстары бес бөлім мен ғимараттың төрт блогында, соның ішінде техникалық қабатта жүргізілді.
Жаңғырту барысында пациенттерді халықаралық triage-сұрыптау жүйесі енгізілді. Адам санын қызыл, сары және жасыл аймақтарға бөлінеді. Бұл ауыр халдегі науқастарға көмекті жедел көрсетуге, отадан кейінгі асқынулар мен өлім-жітімді азайтуға, орын айналымын арттыруға және ауруханада жату мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, құрылыс кезеңінде аурухананың жұмысы тоқтамады. Жобаны жүзеге асыру 2025 жылы наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды.
Жаңғырту жұмыстарынан кейін ауруханада жаңа операциялық залдар ашылып, 12 төсекке арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапияның шұғыл бөлімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастарға жоғары технологиялы көмек көрсетуге мүмкіндік беретін коронарлық араласулар орталығы жұмысын бастады.












































































