Алматы қаласы Төртінші қалалық аурухананың дәрігері ұшақ бортында жүрек талмасына шалдыққан әйелді аман алып қалды – ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА
Алматы қаласы Төртінші қалалық аурухананың дәрігері ұшақ бортында жүрек талмасына шалдыққан әйелді аман алып қалды

 

Наурыздың 24-інен 25-іне қараған түні қазақстандық туристер мысырлық Шарм-эль-Шейх курортынан Алматыға қайтып келе жатқан болатын. Ұшудың екінші сағатында «Air Cario» бортындағы 72 жастағы жолаушы ауырып қалды. Стюардтардың сұрауына Алматы қаласы Төртінші қалалық аурухананың дәрігері Нұржан Әжібеков пен С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің үш студенті жауап қатты.

Егде жастағы әйелде жүрек талмасының барлық белгілері байқалды. Ұшақ Алматыға қонғанша 4 сағат бойы медицина қызметкерлері реанимациялық шараларды жүргізіп, шұғыл көмек көрсетті.

«Бір кезде алдында отырған әйел әбігерге түсті, әрі оның қолында нәресте болды. Содан кейін стюардтар ұшақта дәрігерлер бар-жоғын сұрады. Медицина университетінің студенттері және мен жауап бердік. Бастапқы тексеру кезінде миокард инфарктісінің даму қаупі бар деп күдіктендім. Әйел ес-түссіз жатқан, оған дейін құсқан, суық тер шықты, тамыр соғысы әрең сезілді, қан қысымы төмен болды. Содан кейін Хаттама бойынша әрекет еттік: тамырлық кіру жасадым, құсудан асфиксияны болдырмау үшін ауыз-жұтқыншақты тазаладық, содан кейін жүрекке түсетін жүктемені азайту үшін науқастың аяғын 60°-қа көтердік. Науқасты оттегі беретін Бобров аппаратына қостық. Студенттер белсенді түрде көмектесті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қан қысымы 80/60-тан 130/80-ге, қанықтылық 87-ден 96-ға көтерілді. Әйел есін жия бастады. Шағымы жалпы әлсіздік болды. Алдымызда келесі мәселе туындады: кері ұшып, жақын жердегі Иран еліне қонып, жолаушыны ауруханаға жеткізу немесе оттегі жағдайын сақтап, Қазақстанға ұшуды жалғастыру. Құдайға шүкір, бұл рейс барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және құралмен жабдықталған болатын, бұл бізге әйелді тұрақты жағдайда ұстауға мүмкіндік берді – үйге ұшамыз деген шешім қабылданды. Біздің міндетіміз – рейс соңына дейін өмірлік маңызды көрсеткіштерді сақтау болды», дейді сол ұшақпен ұшқан Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.

Нұржан Әжібеков – бас ми мен омыртқаға ең күрделі жоғары технологиялық операциялар жасалатын Алматы қаласы Төртінші қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Қуанышқа орай дәрігер жыл сайынғы еңбек демалысына шығып, сол күні отбасымен демалыстан кейін үйіне қайтып бара жатқан.

Дәрігер барлық жерде – жердде болсын, суда болсын, биіктікте болсын дәрігер болып қалады.

Куәгерлердің айтуынша, ұшақта болған дәрігер мен медицина университетінің студенттері әйелдің жағдайын тұрақтандырып, есін жиып, жағдайын бақылаған. Ұшақта көмек көрсеткен С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттерінің есімдері де белгілі: Қажыров Дәулет, Жарқын Рахат және Саида Бармағамбетова.

«Қуанышымызға орай Шарм-эль-Шейх-Алматы рейсінің ұшақ бортында бізбен бірге ұшып, ұшқаннан кейін бірден өзін нашар сезінген анамның өмірін аман алып қалған Нұржан Орынтайұлына алғыс білдіргім келеді. Менің анамның аты Күлжамал Рахметтулақызы, ол 72 жаста, біз Египеттен қайтып келе жатқан едік, ұшақ ұшқаннан кейін, 5 минуттан кейін анам өзін нашар сезіне бастады, белі ауырып, содан кейін басы да ауыра түсті. Қысымға байланысты дәрісін ішіп еді, есін жоғалта бастады. Мен стюардессаларға көмекке жүгірдім, олар ағылшын тілінде “ұшақта дәрігерлер бар ма?” – деп сұрау салды. Бірден Нұржан Орынтайұлы және 2 жігіт пен бір қыз жауап берді. Стюардессалар мөрленген алғашқы медициналық көмек қобдишасын ашу үшін дәрігердің жеке куәлігін сұрады. Құдайға шүкір, құжаттарын бере алды, ол кезде анам құса бастап, есінен танып қалды. Содан кейін олар оны көлденең қалыпқа келтіріп, аяғын көтеріп жатқызып, оттегі берді, ол баяу есін жинай бастады… Осылайша ұшудың соңына дейін оның қасында болды. Бұл процесті дәрігер Нұржан Орынтайұлы басқарды», – дейді жолаушының қызы.

Туыстарының айтуынша, Күлжамал Рахметтуллақызы өзін жақсы сезінеді, Алматыға келгеннен кейін бірден ауруханаға түскен, бүгінде жағдайы біршама жақсарған.

Алматы қаласы Төртінші қалалық аурухананың дәрігері ұшақ бортында жүрек талмасына шалдыққан әйелді аман алып қалды