Алматылық нейрохирург мамандар жаңа технология көмегімен мойны сынған науқастың денсаулығын қалпына келтірді – ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА
Алматылық нейрохирург мамандар жаңа технология көмегімен мойны сынған науқастың денсаулығын қалпына келтірді

№4 ҚКА дәрігерлері мойны сынған ер адамды мүгедектіктен аман алып қалды.

Дәрігерлер жаңа әдіске жүгініп, ауруханада бұрын-соңды жасалмаған ота жасады.

48 жастағы науқас ауруханаға мойын омыртқасы қатты ауырғанына шағымданып түсті. Ауырғаны сонша, ол басын тіпті бұра алмай қалды.

Тексеруден кейін науқас шұғыл түрде нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды.

Науқас ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі күні оның омыртқасына техникалық күрделі әрі сирек ота жасалды.

Жасалған хирургиялық ота тіс тәрізді өсіндіні бұрандамен трансдентальды остеосинтездеу деп аталады.

Науқасты мүгедектіктен құтқару және оның өмір сүру сапасын сақтау үшін №4 ҚКА нейрохирург мамандары емдеудің бұл әдісін алғаш рет қолдануды ұйғарды.

Пилоттық отаны нейрохирург Айтмұханов Тимур Мұратұлы жасады.

«Мойын омыртқасы 7 омыртқадан тұрады. Бірінші және екінші омыртқа көтеретін функционалдық жүктемеге байланысты түбегейлі ерекше мәнге ие. Бірінші омыртқа – Атлант, екінші омыртқа – Аксис. Олар бір-бірімен С2 омыртқасының тіс тәрізді өсіндісі мен атланттың алдыңғы доғасынан түзілетін Крювелье буыны арқылы байланысады. Омыртқаның бұл сегментінің маңыздылығы, түрлі авторлардың пікірінше, бас қозғалысының 50-ден 70%-на дейін осы бөлімде орын алатынында. Бірақ тіс тәрізді өсіндінің сынуы кезінде бұл функция зардап шегеді», – дейді дәрігер Тимур Айтмұханов.

Ота нәтижесінде науқас палатаға ауыстырылды, мойын омыртқасындағы қозғалыстар қалпына келтірілді.

Нейрохирургтар импланттың жұмысын орнатқаннан кейін бірінші күні, бір айдан кейін, үш айдан кейін және алты айдан кейін тексереді. Бұл әдіс ауруханаға жатқызу ұзақтығын қысқартумен қатар, науқастың мүгедек болу қаупін де күрт төмендетеді.

Алматылық нейрохирург мамандар жаңа технология көмегімен мойны сынған науқастың денсаулығын қалпына келтірді