Науқастың қауіпсіздігі бірінші орында – ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНА
Науқастың қауіпсіздігі бірінші орында

Сүлейменов Нұрлан Қожмұхамбетұлы, №4 қалалық клиникалық аурухананың анестезиолог-реаниматологы.

Еңбек өтілі – 20 жыл.

Бірінші санатты дәрігер.

Ота алдындағы кезеңде-ақ дәрігер-анестезиолог барлық тексерулерді, талдауларды және созылмалы ауруларды ескере отырып, науқастың денсаулығына байланысты ауырсынуды басатын дәрілердің құрамы мен дозасын таңдайды. Мұның бәрі анестезиядан болатын асқынуды болдырмау немесе оны жеңілдету үшін жасалады. Содан кейін хирург және оның көмекшілерімен бірге жұмыс істей отырып, анестезияны жүргізеді және науқасты ота бойы бақылайды, кейін оны реанимациялайды, пациентті анестезиядан шығарады.

«Әр ота теңдеуді шешу сияқты. Науқасқа қайта ота жасалуы мүмкін, мәселен, эндопротездеу бойынша ота. Бір мүшеге ота жасалды, жарты жылдан кейін ол екінші мүшесіне ота жасау үшін оралады. Ол әр келген сайын сурет өзгереді, жарты жылда бастапқы күй өзгеруі мүмкін, тіпті бір науқас әрі хирургиялық араласудың көлемі де сол болған күннің өзінде, тәсіл дара болады.

Жоспарланған оталардың жедел отадан айырмашылығы жоспарланған емделушілердің дайындығы жоғары, бірақ оларда да ауыр анамнез болуы мүмкін. Ондай жағдайда біз консилиум деңгейінде анестезияның қандай түрін қолдану туралы шешім қабылдаймыз.

Жедел ота кезінде, әрине, қиынырақ, науқастың жасын, жағдайын ескеру және кез келген нәрсеге дайын болу керек. Жоспарланған ота болсын, жедел ота болсын болжамды алдын ала айта алмаймыз. Қайталап айтамын, әрбір науқас жеке дара, өзіндік проблемалары бар: ілеспе аурулар, науқастың соматикалық статусындағы ауытқулар. Ота түрі анестезия түрін таңдауға әсер етеді. Науқастың қауіпсіздігі бірінші орында – біз жансыздандырудың ең қауіпсіз және ең жұмсақ әдісін таңдауға тырысамыз», – дейді Нұрлан Қожмұхамбетұлы.

Нұрлан Сүлейменов медицина университетін «Педиатрия» мамандығы бойынша бітірді. Медицинаны таңдаған Сүлейменов дәрігерлер әулетінің ісін жалғастырды. Оның анасы – педиатр.

Науқастың қауіпсіздігі бірінші орында