Бүгін Нұркен баласын аман алып қалғаны үшін Төртінші қалалық аурухананың реаниматологтарына шын жүректен алғысын білдірді. 10 күн бойы анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің дәрігерлері мопед жүргізіп келе жатып Cobalt көлігі қағып кеткен жасөспірімнің өмірі үшін күресті.
Жасөспірім оқиға орнынан жедел жәрдем бригадасымен қабылдау бөліміне жеткізілді, зардап шегушінің жағдайының ауырлығына байланысты жедел жәрдем дәрігері жасөспірімді жақын маңдағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізуді ұйғарды. Бұл шешім баланың өмірін аман алып қалды.
Науқас дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Реанимация жағдайында науқас көпбейінді топпен жан-жақты қаралды, шокқа қарсы терапия жүргізілді, педиатриялық тар мамандар шақырылды, консилиум өткізілді.
Науқасқа көпжарақат, жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың ауыр жарақаты, төменгі жақ сүйегінің сынуы, жабық кеуде жарақаты, сол жақта өкпенің соғылуы, оң жақта 1 қабырғаның сынуы, естің шатасуы бар сол жақ бұғана сүйегінің жабық ұсақталған сынуы, екі жамбас сүйегінің ортаңғы үштен бір бөлігінің сынықтарының ығысуымен жабық сынуы диагнозы қойылды.
«Ұлым мопедпен келе жатқанда, солға бұрылып жатқан Chevrolet жүргізушісі оны қағып кеткен. Жақын маңдағы ауруханаға, шүкір, тез жеткізілді. Аллаға және дәрігерлерге көп рахмет. Құдайдан кейін – кезекші дәрігер Морозов Константин Рашидовичке, реанимация бөлімінің меңгерушісі Дәулетбеков Жандос Шымыртайұлына, барлық реанимация қызметкеріне мың алғыс. Ұлымды құтқарған осылар. Олар қолынан келгеннің бәрін істеді, Төртінші қалалық аурухана ұжымына шексіз алғысымды білдіремін. Алла баршаңызға амандық, деніңізге саулық, отбасыңызға береке берсін», – дейді Нұркен.
Тұрақталғаннан кейін науқас Алматы қаласы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізіліп, ем қабылдап, сауыққан соң шығарылды. Бүгінгі таңда жасөспірім ауруханада жарақаттан кейінгі оңалтудың екі курсын аяқтап, тұрғылықты жеріндегі емханада амбулаторлық оңалтудың үшінші курсын өтіп жатыр. Науқас қалпына келіп, орнынан тұрып, қалыпты өміріне оралды.