Ауруханада 8 күн ем алған Бәйімбетова Зада апа сауығып үйге шыққалы жатыр.
«Қызыма қонаққа Қызылордадан келдім. Кенет жағдайым нашарлап, қол-аяғым ұстамай, шұғыл түрде осы ауруханаға түстім. Жақсы дәрігерлерді кездестіргенім үшін жаратқанға алғысым шексіз. Отадан кейін қол-аяғым қайтадан дұрыс істейді, өз бетіммен жүре аламын, қолымды көтере аламын. Аурухана ұжымына мың алғыс», – дейді Зада Жанәділқызы.
Науқасты мамырдың 15-інде №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесіне жедел жәрдем бригадасы алып келді. Науқас сөйлеу қабілетінің бұзылуына, бет асимметриясына, сол жақ аяқ-қолдарының әлсіздігі мен ұюына, жалпы әлсіздікке шағымданды.
Апаны қызы ес-түссіз күйде тауып, жедел жәрдем бригадасын шақырған, науқас 12 минут ішінде №4 қалалық клиникалық аурухананың неврология бөлімшесінің қабылдау бөліміне жеткізілген. Оны невропатолог, интернолог, реаниматолог, нейрохирург бірлесіп тексерді. Науқас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды.
Диагнозы: ми артерияларының тромбозынан туындаған церебральды инфаркт. Оң жақ ортаңғы ми артериясының бассейніндегі ишемиялық түрдегі жедел цереброваскулярлық бұзылуы.
«Науқас ауыр жағдайда түсті, оң жақ ортаңғы ми артериясының бассейніндегі ишемиялық түрдегі жедел цереброваскулярлық бұзылуы. Емдеу тактикасын таңдаған кезде науқастың жасын ескердік. Клиникалық диагностикалық және зертханалық зерттеулер жүргізілді, оның ішінде бас миға КТ, қан тамырларын ультрадыбыстық зерттеу, рентген, ЭКГ жасалды. Терапевт, кардиолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог мамандар науқасты қарап шықты. Ота жасау шешімі қабылданды: бас және мойын тамырларының обструкциясын эндоваскулярлық жою – селективті церебральды ангиография жасалды. Оң жақ ортаңғы ми артериясының М1 сегментіндегі тромбтарды бір мезгілде тромбоаспирациялаумен (сақтау техникасы) рентгендік эндоваскулярлық механикалық тромбоэкстракция жасалды», – дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Әжібеков.
Ота 50 минутқа созылды.
Хирургтар: Никатов Қуаныш Әбуеұлы, Айсаутов Алдонғар Бахтиярұлы.
Анестезиолог: Жұмабаева Камшат Сейдаханқызы.
Отадан кейін жағдайы тұрақталғанша Зада апа жансақтау бөлімінде кезекші медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында болды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін одан әрі емделу үшін нейрохирургия бөліміне ауыстырылды.
«8-күні науқастың жағдайы жақсарып, үйге шығарылды. Дәрігерлер науқастың оң динамикасын атап өтті – ол орнынан тұрып, палата ішінде жүрді», – деп қорытындылады емдеуші дәрігер Айсаутов Алдоғар Бақтиярұлы.