
«Көпжарақат кезіндегі пациенттерді емдеу тактикасы. Көпжарақат кезінде қан кету. Командалық тәсіл» – осы тақырыптар ресейлік әріптестер Г.В. Коробушкин және А.Н. Смоляр қатысқан тәжірибе алмасудың негізгі бағыты болды.
Төрт күнге созылған шеберлік-сыныптар бағдарламасы дәріс, тәжірибелік сабақ және клиникалық жағдайларды талдаудан тұрды. Сабақ Алматының төрт жетекші стационарының базасында өтті. Әрбір клиника қабылдау бөлімінен бастап функционалдық және сәулелік диагностика, операциялық блок пен бейіндік бөлімшелердің мүмкіндіктеріне сүйене отырып, шұғыл травматологиялық және хирургиялық көмекті ұйымдастырудың түрлі үлгісін көрсетті.
Қатысушылар қатарында қалалық ауруханалардың травматологтары, анестезиологтары, нейрохирургтары, хирургтары, функционалдық және сәулелік диагностика дәрігерлері болды.
Шеберлік-сынып қарашаның 24-інде №7 ҚКА базасында басталды. Екінші күні әріптестерді ОКҚА травматологтары қабылдады. Үшінші күнгі тәжірибелік бөлім ҚЖШККА базасында өтті, ал қорытынды сессия қарашаның 27-сінле №4 ҚКА-да ұйымдастырылды.
Шақырылған лектордың бірі Г.В. Коробушкин – тірек-қимыл аппаратының ауыр жарақаты, буын зақымдануы, сынық және күрделі реконструкциялық ота бойынша кең тәжірибесі бар травматология және ортопедия саласының сарапшысы. Оның кәсіби жолы оны бұл бағыттағы жетекші мамандардың біріне айналдырады.
А.Н. Смоляр – жедел жәрдем, хирургия және ғылыми қызметті біріктіре отырып, күрделі оталық араласуды орындауға, ауыр жарақатты диагностикалау мен емдеуге қабілетті маман. Оның тәжірибесі алдыңғы қатарлы әдістер мен технологияны тәжірибеде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.
№4 ҚКА алаңында келесі тақырыпта баяндамалар тыңдалды:
1. Травматологтың тактикасы. Көпжарақат кезіндегі командалық тәсіл.
2. Хирургтың тактикасы. Damage Control Surgery: бұл не?
3. Қай тактика тиімді? Хирургиялық тактиканы таңдау: Total Early Care, Damage Control, Safe Definitive Surgery.
Тәжірибелік бөлім «Жамбас жарақаттары» тақырыбына арналды. Онда келесі тапсырмалар қарастырылды:
● Әдіс таңдау. Жамбасты алғашқы тұрақтандыру (симуляциялық пациентте көрсету) – Г.В. Коробушкин
● FAST хаттамасы: техникасы, мақсаты (УДЗ аппаратымен симуляциялық пациентте орындау) – А.Н.Смоляр
● Жамбасты СБА әдісімен тұрақтандыру – Г.В.Коробушкин
● Ішастар артындағы тампонада – А.Н. Смоляр
● Жамбастың артқы бөліктерін тұрақтандыру. Қазіргі шешімдер – Г.В.Коробушкин
Травматологиялық көмек көрсетуге маманданған дәрігерлерге арналған курс сертификат тапсырумен аяқталды.
