Дәрігерлердің энергетикалық сусындарды зиян деуі әзірге еш нәтиже бермеді. Миллиондаған адам оның денсаулығына қаншалықты кері әсер тигізетінін білсе, сусынды ішуді тоқтатар еді. Терапевтер, кардиологтар ғана емес, тіпті хирургтар да энергетикалық сусындарды шамадан тыс пайдалану мәселесіне тап болды. Энергетикалық сусынды ішу нәтижесінде хирургиялық патологиясы бар науқастардың көбеюі байқалады.
Баймаханов Абылай Ниятұлы – жоғары санатты хирург дәрігер, №4 қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істейді, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ №1 хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры. Хирургтың айтуынша, кейбір науқастарды реанимацияға жатқызуға тура келеді.
«Клиникамыздың жедел хирургия бөлімшесіне күн сайын науқастарды қабылдауды жүргізе отырып, соңғы кездері асқазанның жедел ойық жарасы мен эрозиясынан жедел қан кетудің ауыр түрімен түскен жас жігіттерді байқадым. Сондай-ақ, қабылдау бөліміне іштің түсініксіз ауыруы, жүйке қозуы, мазасыздану, жүрек айнуы, дәреті бұзылған жас жігіттер жүгінеді. Бұның бәрі абдоминальды органдардың жедел хирургиялық ауруларын диагностикалауда қиындықтар тудырады, хирургтар мән-жайды анықтау үшін диагностикалық лапароскопияға жүгінетін жағдайлар болады. Барлық дерлік жағдайды талдап, сөйлескен кезде көп адам энергетикалық сусынды күніне 3-4 банкаға дейін ұзақ уақыт қабылдағанын атап өтті», – дейді профессор Абылай Баймаханов.
Энерготониктің жоғары қышқылдығы және осы газдалған сусындағы шамадан тыс қант мөлшері асқазанның тітіркенуін, ауырсынуын және метеоризмді тудыруы мүмкін. Энергетикалық сусынның құрамындағы кофеин ауыр гастрит тудырады, бұл асқазан, ішекте қабыну, ауырсыну, жаралар мен эрозиялар және қан кету сияқты белгілерді тудыруы мүмкін.
Өздеріңіз білетіндей, энергетикалық сусындардың құрамында кофеин мен таурин бар, олар еш қайтарымсыз дененің резервтік қуат қорын пайдаланады, ал оны шамадан тыс тұтынған кезде адам ағзасына зиян келіп, ағза әбден сарқылады. Энергетикалық тониктің кері әсері анықталды – жалпы әлсіздену және апатия, сондай-ақ жүрек-қантамыр жүйесінің күйіне кері әсері және сусынды шамадан тыс ішкен кезде ол гипертониялық кризді, тахикардияны және жүрек аритмиясын тудыруы мүмкін.
«Бүгінде ата-ана мен мемлекет тарапынан жеткілікті бақылаудың жоқтығынан әрбір жасөспірім кез келген сауда нүктесінен энергетикалық сусынды сатып ала алады. Біздің өскелең ұрпақ энергетикалық сусынның зиянды әсерінен хабардар болуы керек, бұл сусынды ішу процесін олардың өздерінен басқа ешкім бақылай алмайды», – деп түсіндіреді дәрігер.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусынды ішіп көрген, кәмелетке толмағандардың шамамен 3%-ы күн сайын энергетикалық сусынды ішеді әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Кейіннен олардың көпшілігі үшін бұл тәуелділікке айналады. Балалардың 17,5 пайызы энергетикалық сусынды аптасына бес-алты рет тұтынады. Сауалнамаға Қазақстанның 20 өңірінен 11-15 жас аралығындағы 8,5 мыңнан астам оқушы қатысты.
«Ата-аналарға балаларды бақылауға алуға кеңес беремін. Ал жасөспірімдердің өздерін, танымал адамдардың суреттерімен жақсы жарнамаланғанына қарамастан, түрлі энергетикалық сусындарды пайдаланбауға кеңес беремін», – дейді хирург Абылай Баймаханов.